Мемлекеттік қызметшілерді оқыту — кәсібилендіру қадамы

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктіліктерін көтеру — бұл мемлекеттік қызметтің адами капиталын дамытудың түйінді элементі.

Кәсіби әкімшілік аппаратты қалыптастыру мемлекет дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылық нәтижелілігі мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне, олардың бастамашылдығына және ел дамуындағы негізгі бағытқа берілгендігіне тікелей тәуелді. Мемлекеттік қызметшілердің біліктіліктерін арттыру және қайта даярлау олардың функционалдық міндеттеріне сәйкес және кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталып жүргізіледі.

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалымен 2023 жылға арналған оқу бағдарламаларының жоспар–кестесі бекітіліп, мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағытындағы жұмысын бастады.

Ағымдағы жылы Жетісу облысының жергілікті атқарушы органдарында 600 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған (қайта даярлау-103, біліктілігін арттыру-497).

Сондай-ақ, Жетісу облысының мемлекеттік қызметшілері үшін «Бизнес-процестік тәсіл», «Жобалық басқару», «Ең алдымен адамдар», «Адамға бағдарланған мемлекет»,  «Іскерлік хат алмасу» т.б. тақырыптарда қосымша біліктілігін арттыру курстарынан өткізу жоспарлануда.

Одан бөлек, оқыту барысында облыстың белгілі азаматтарын, қоғам белсенділерін және басшылық лауазымдарда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілерді тарта отырып тұрақты түрде «Қонақ дәрістері» алаңы өткізіледі.

Қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге сәйкес, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары және біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.

Білім берудің қалыптасқан жүйесі мемлекеттік қызметшілерді олардың кәсіби қызметінің бастапқы кезеңінде қайта даярлауды жүзеге асырады. Бұл мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш кірген мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметке кірісу сәтінен немесе басшылық лауазымға алғаш тағайындалғанан алты айдан кешікпей орындалады. Ал, біліктілікті көтеру барлық әкімшілік қызметшілер үшін үш жылда бір реттен сиретпей жүргізіледі.

Тұтастай алғанда мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асыру тікелей әрбір мемлекеттік қызметшінің өзінің функционалдық міндеттерін тиімділікпен орындау қабілетіне және халыққа сапалы қызмет көрсету біліктілігіне байланысты болмақ. Тиянақты білім алып, біліктілгін әрқашан шыңдайтын жоғары кәсіби деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер мемлекеттің қай уақытта да бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып келеді.

Бақытгүл Шарипова,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Жетісу облысы бойынша Департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы